Тлеубаева Марьяша Серікқызы
БАЛАБАҚША ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ
2010 жылы бизнеске алғашқы қадам басып, «ТЕС» жеке кәсіпкерліктің негізін қалайды. Компанияны мемлекеттік сатып алу негізінде жүргізілетін мектеп оқушыларына тамақтануды ұйымдастыру бойынша конкурсқа қатысып, сол бағыт бойынша бүгінге дейін жұмыс істеп келеді. Он жылдың ішінде мектеп оқушыларын тамақтандыру саласында қызмет істеп, біраз жетістіктерге жетті.
Марьяша Серікқызы тамақтану саласында тәжірибесі молайып, енді жаңа салаға аяқ басады. 2016 жылы «Зердеш» бөбекжай-балабақшасын ашып, бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбие мен білім беруді қолға алады.Бұл салада да жолы болып, жақсы жетістіктерге жетіп қазіргі таңда аталмыш «Зердеш» бөбекжай-балабақшасы Алматы қаласы бойынша үздіктер қатарынан табылып, ата-аналар тарапынан жоғары сұранысқа ие. Десек те бұл саланың қызығы мен қуанышына куә болған Марьяша Серікқызы өз кәсібіне, өз жұмысына деген зор сүйіспеншілігі одан әрі қанаттанып, осы балабақшаның жалғысы ретінде 2018 жылы қазақ тілінде білім беретін «Зердеш зияткерлік мектебін» ашты.
Марьяша ханым қайырымдылық істерден қалыс қалмай, мүмкіндігінше мұқтаж жандарға көмек қолын созып келеді. №76 мектеп-лицейде оқитын 20 баланы тегін тамақтандыруды мойнына алып, құнарлы да тәтті тағамдармен балаларды қуантып отыр. Сонымен бірге, «Мектепке жол» бағдарламасы аясында әлеуметтік аз қамтылған отбасыларының балаларына мектеп формасы мен сабаққа қажетті құрал-жабдықтарды сыйға тартып, жыл сайын бұл үрдістен айнымастан көмек қолын созуда. «Наурыз» мерекесіне орай, ауданда дастархан жайып, көпшіліктің ықыласына бөленді. Жыл сайынғы өткізілетін Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен қарттар күнінде сый-сияпат жасап, қаржылай көмектер көрсетіп келеді. Осынау игі істері мектептер тарапынан, әкімшілік атынан жоғары бағаланып, жыл сайын Алғыс хаттар марапатталып, сый-құрметке ие болып келеді. Мәселен 2016 жылы «Ел игілігі үшін атқарған дәйекті істері үшін» Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек мырзадан «Алғыс хат» иемденсе, 2019 жылы Алматы қаласы Білім беру басқармасының басшысы Г. Ходжабергеновадан «Алғыс хат» иемденді. 2019 жылы Республикалық жекеменшік білім беру ұйымдары қауымдастығының төрайымы Р.Садықовадан «Құрмет грамотасымен» марапатталды.
Тлеубаева Марьяша Серікқызы еліміздің ертеңіне тірек болар ұрпағымыздың балабақша, мектеп қабырғасынан бастап қазақы тәрбие мен терең білімді бойларына сіңіріп өсуге жағдай жасап, туған тілдің абыройын асқақтату жолында тынбай еңбек етіп жүрген абзал жан.